Семейде өрмекші адамның кимін киген еркек жүріп бара жатқан көліктің тіркемесінде тамақ ішкен (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Семейде өрмекші адамның кимін киген еркек жүріп бара жатқан көліктің тіркемесінде отырып, тамақ ішкені үшін басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында тәртіп сақшылары Семей қаласындағы аспалы көпір арқылы қозғалып бара жатқан Mitsubishi Pajero көлігінің тіркемесінде «Өрмекші адам» костюмін киген адамның отырғаны түсірілген бейнежазбаны анықтады.

Тексеру кезінде бұл сапардың қаладағы мейрамханалардың бірін жарнамалау мақсатында ұйымдастырылғаны белгілі болды.

«Полиция қызметкерлері бейнежазбаға қатысқан азаматтарды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Тексеру нәтижесінде 23 жастағы көлік жүргізушісі жолаушыны тіркемеде тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жарнамалық түсірілімге қатысқан 18 жастағы «Өрмекші адам» мен оның 25 жастағы серіктесі де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция азаматтарға креативті жарнама немесе ерекше түсірілім ұйымдастырған кезде де қауіпсіздік талаптары мен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңызын еске салады.