ШҚО әкімі келесі «Ертіс - достық пен даму өзені» форумын 2027 жылы Шығыс Қазақстанда өткізуді ұсынды
Ертістің бірыңғай цифрлық паспортын құру, өзен логистикасын дамыту және су ресурстарын сақтау - Шығыс Қазақстан облысының «Ертіс - достық пен даму өзені» халықаралық форумында көтерген негізгі ұсыныстары болды. Форум Павлодар қаласында өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қатысушылар Қазақстан мен Ресей халықтарының өзара құрметі мен жақындығының символына айналған ғалымдардың достығын еске алып, олардың рухына тағзым етті.
Форумда сөз сөйлеген ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеме қатынасын дамыту мәселесін сумен қамту, энергетика, ауыл шаруашылығы және экологиялық қауіпсіздік бағыттарымен өзара байланыста қарастыру қажеттігін атап өтті.
«Бүгінде ынтымақтастық үшін қажетті құқықтық база қалыптасты, тиісті меморандумдарға қол қойылды, зерттеулер жүргізілуде. Келесі навигациялық кезеңді нақты бірлескен жобалармен бастаймыз деп үміттенемін», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шығыс Қазақстан Ертістің «Бірыңғай цифрлық паспортын» құруды ұсынып отыр. Ол жаңартылып отыратын ақпараттық жүйеде өзеннің тереңдігі мен су сапасы, жағалаулардың жай-күйі, балық ресурстары, кеме қатынасына жарамды учаскелер және гидротехникалық құрылыстар туралы деректерді біріктіреді. Бұл өз кезегінде өңірлерге тасымалды жоспарлау, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу және порт инфрақұрылымын дамыту кезінде өзара салыстыруға болатын бірыңғай деректерге сүйенуге мүмкіндік береді.
Бастаманы іске асыру үшін ШҚО әкімі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның құрамына Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары, өңірлері және ғылыми ұйымдарының өкілдері енгізілуі мүмкін.
«Ертіс өңірлерімізді байланыстырып, сауда-саттықты, тасымалды және туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әлеуетті іске асыру үшін кәсіпорындармен бірге сұранысқа ие бағыттар мен жүк көлемдерін анықтау маңызды. Мұндай жұмыс тұрғындарға пайда әкелетін нақты жобаларға көшуге мүмкіндік береді. «Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың біздің құрлықтағы шекарамыз бар, бірақ суда шекара жоқ деген сөзі маған ерекше ұнады. Табиғатта шекара болмайды деген ойдың астарында, шын мәнінде, өте терең мағына жатыр», - деді Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко.
Шығыс Қазақстан облысы форумда Тұғыл ауылындағы Зайсан көлінде өзен портын құру мүмкіндіктерін де таныстырды. Қазіргі уақытта жоба пысықталу кезеңінде. Оны одан әрі дамытуға қолданыстағы айлақ, қойма және жүк тиеу-түсіру инфрақұрылымы негіз бола алады. Қосымша элемент ретінде ұзындығы 99 шақырым болатын Тұғыл-Майқапшағай теміржол желісін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда.
Әлеуетті жүк базасына кварц құмы, гранит, қиыршық тас, бентонит және басқа да жаппай тасымалданатын жүктер кіреді. Алдын ала бағалаулар бойынша, олардың көлемі бір навигациялық кезеңде 3 миллион тоннадан асуы мүмкін.
Жобаның келесі кезеңінде жүк жөнелтушілермен бірлесіп осы көлемдерді нақтылау, тасымал бағыттарын және маршруттардың экономикалық параметрлерін айқындау көзделіп отыр. Шығыс Қазақстан облысы үшін өзен логистикасын дамыту бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, жұмыс орындарын құруға ықпал етуі мүмкін.
«Ертіс маңындағы тұрғындар үшін бұл өзен - күнделікті өмірдің бір бөлігі әрі дамудың маңызды ресурсы. Біздің ортақ міндетіміз - жаңа экономикалық жобалар Ертісті сақтаумен қатар жүзеге асатындай етіп, өңірлердің жоспарларын өзара үйлестіру. Форумда айтылған ұсыныстар бірлескен практикалық жұмыста жалғасын табады деп сенеміз», - деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Өз сөзінде ШҚО әкімі су және балық ресурстарын сақтауға да ерекше назар аударды. Нұрымбет Сақтағанов өзеннің, соның ішінде балықтардың уылдырық шашатын аумақтары сияқты экологиялық тұрғыдан сезімтал учаскелерін бірлесіп зерттеуді ұсынды. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жұмыстарды ғылыми зерттеулер мен экологиялық мониторинг нәтижелерін ескере отырып жоспарлау қажеттігін айтты.
Шара барысында жолаушы тасымалы және өзен туризмі мәселелері де талқыланды.
Шығыс Қазақстан облысы ресейлік және қытайлық кеме жасау кәсіпорындарымен ынтымақтастық аясында жолаушылар кемелерінің паркін жаңарту мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Нұрымбет Сақтағанов цифрлық паспорт, жүк базасы, ғылыми зерттеулер және экологиялық мониторинг бойынша ұсыныстарды нақты мерзімдері мен жауапты қатысушылары айқындалған бірыңғай жол картасына біріктіруді ұсынды.
Сөз соңында ШҚО әкімі келесі «Ертіс - достық пен даму өзені» форумын 2027 жылы Шығыс Қазақстанда өткізуді ұсынды.