Шымкентте Жұмат Шанин театры 98-маусымын жаңа қойылыммен ашты

Автор: Дәулет Ботагөз

Жаңа маусымның шымылдығы елге танымал әнші әрі композитор Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған «О, қала» қойылымымен түрілді

Фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласының өнердегі қара шаңырағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 98-маусымын жаңа қойылыммен ашты. Жаңа маусымның шымылдығы елге танымал әнші әрі композитор Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған «О, қала» қойылымымен түрілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Арада бірнеше жыл өтсе де, Ержан Серікбаевтың әндері сахнадан түспей, халықтың жадында жаңғырып келеді. Өкінішке қарай, жалындаған шағында өмірден озған өнер иесінің ғұмыры қысқа болғанымен, артында қалдырған шығармашылық мұрасы мәңгілік. 

Салтанатты маусымашар кешке қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, композитордың жары мен ұлы Бейбарыс Серікбаев, сондай-ақ өнерсүйер қауым қатысты.

Театр директоры Дархан Балажановтың айтуынша, Ержан Серікбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымды сахналау көптен бері ойда жүрген үлкен мақсаттың бірі.

«Бұл қойылымды бір жылдан астам уақыт дайындадық. Ержан Серікбаевтың өміріне тоқталуымыздың басты себебі оның әндерін қайта жаңғыртып, жастардың есіне салу. Туыстарымен, достарымен, көзін көрген азаматтармен кездесіп, көптеген деректер жинадық. Ел арасында Ержан ағамызды “екінші Шәмші” деп атаған. Сондықтан оның шығармашылығы сахнада қайта өмір сүруі керек деп көркемдік кеңеспен шешім қабылдадық. Театрдың қалыптасқан дәстүріне сай жаңа маусымды жаңа қойылыммен ашуды жөн көрдік. Көрерменді қуантқымыз келді», – деді театр басшысы.

Ал, қойылым режиссеры Әли Бидахмет үлкен бір арманының орындалғанын айтады. 

«Ержан ағаның шығармашылығына арналған қойылымды сахналау көптен бергі арманым еді. Бүгін сол арманым орындалды. Ержан ағамыздың жетпіске жуық әні бар. Соның 17-сін осы қойылымға енгізіп, әр әнді сахналық көрініспен сабақтастыра отырып жеткізуге тырыстық. Біздің мақсатымыз композитордың шығармашылығын қайта жаңғыртып қана қоймай, оның әндерін бүгінгі көрерменге, әсіресе жастарға жаңаша таныту», – деді қойылым режиссері Әли Бидахмет.

Қойылым барысында шырқалған әр ән арқылы Ержан Серікбаевтың шығармашылық болмысы, өмір жолы, арманы мен өнерге деген махаббаты көрініс тапты.

Жаңа маусымда Шанин театры көрерменіне бірқатар жаңа туынды ұсынбақ. Театр басшысының айтуынша, биылғы репертуарда ауқымды әрі тарихи-танымдық тақырыптарға басымдық берілген. Соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған спектакль.

Сахна төрінде Ержан Серікбаевтың әндері шырқалып, оның өнердегі ізі қайта жаңғырған кеш көрермен көңілінен шықты. Қойылым соңында залдағы ұзақ қол шапалақ өнер иесіне деген құрметті,  сағыныштты аңғартты.

Ержан Серікбаевтың құнды шығармалары енді театр сахнасында жаңа тыныс алып, кейінгі буынға қайта жол тартты.