Қарағанды облысында құтқарушылар адасып кеткен тұрғынды аман-есен тапты

Автор: Дәулет Ботагөз

1992 жылы туған азамат Байқадам ауылынан Қарағанды қаласына қарай дала жолымен жаяу шығып, бағытынан адасып қалған

Фото: © istockphoto.com

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында ТЖМ құтқарушылары адасып кеткен 34 жастағы ер адамды іздеп табу бойынша жедел операция өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

1992 жылы туған азамат Байқадам ауылынан Қарағанды қаласына қарай дала жолымен жаяу шығып, бағытынан адасып қалған. Ол байланысқа шығып, смартфонының қуаты таусылып бара жатқанын хабарлап үлгерген.

Дабыл түскен бойда іздеу жұмыстарын бастаған ТЖМ жедел тобы адасқан азаматты Көкпекті ауылының маңынан аман-есен тапты. Ер адамның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, оған медициналық көмек қажет болған жоқ.

Осы оқиғаға байланысты ТЖМ мамандары азаматтарды елді мекендер арасында жаяу қатынағанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және телефон қуатын алдын ала тексеріп алуға шақырады.