Еліміздің алты қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

27 қыркүйекте Алматыда және Қазақстанның тағы бес қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі

Фото: © istockphoto.com

27 қыркүйекте Алматыда және Қазақстанның тағы бес қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа сапасы нашарлауы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз метеожағдайлар Алматыда, сондай-ақ түнде Өскемен, Риддер, Ақтөбе, Атырау және Петропавл қалаларында күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.

2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.

3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.