Мемлекет басшысы конференция қатысушыларын құттықтады
25 қыркүйекте Бурабайда Қазақстан мен шетелден келген жетекші ғалымдар, тарихшылар, археологтар, түркітанушылар, шығыстанушылар және академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірген «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияға қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді.
Өз құттықтауында президент Алтайдың тарихи және мәдени маңызына айрықша тоқталып, оның түркі әлемінің қалыптасуы мен Орталық Еуразия халықтарының өркениеттік мұрасындағы рөлін атап өтті.
«Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан және сан алуан мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысқан Алтай түркі әлемінің алтын бесігі ретінде адамзат тарихында айрықша орын алады. Бұл аймақ мыңдаған жылдар бойы Алтай өркениетінің орталығы саналған. Дәл осы кең байтақ мекенде Орталық Еуразия халықтарына тән дүниетаным дәстүрі, өзара үндес тілдер мен мәдениеттер шоғыры пайда болды», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтауын Ресей Федерациясы президенті Әкімшілігінің гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Владимир Бочарников жеткізді.
Құттықтауда конференцияның ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, түркітану мен алтаистика салаларындағы зерттеулерді ілгерілетуге, сондай-ақ Еуразия халықтарының рухани мұрасын сақтауға қосып отырған үлесі атап өтілген.
«Биыл конференция алғаш рет Ресейден тыс жерде – Қазақстанда өтіп отырғанын атап өткім келеді. Өткен жылдар ішінде конференция халықаралық деңгейде елеулі беделге ие болып, өз мақсаттары төңірегіне әртүрлі елдердің ғалымдарын, мәдениет қайраткерлерін, білім беру саласының өкілдерін, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерін, сондай-ақ танымал мамандарды біріктірді. Алдыңғы кездесулердің игі дәстүрін жалғастыра отырып, биылғы конференция сындарлы әрі өзара қызығушылыққа негізделген пікірталас алаңына айналып, өңіраралық және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобалардың негізін қалайды деп сенемін», - деді Владимир Бочарников Ресей президентінің құттықтауын оқи отырып.
Конференцияға қатысушыларға сондай-ақ Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содномсамбуу Дэмбэрэл және Ресей Ғылым академиясының вице-президенті, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының директоры Николай Макаров құттықтау сөздерін арнады.
Конференция жұмысына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Германия, Швеция, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Болгария, Бельгия және АҚШ-тың жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының, зерттеу институттары мен академиялық қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында танымал тарихшылар, археологтар, түркітанушылар, тіл мамандары мен этнографтар бар.