Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу жобасы: Тоқаев Fufeng Group басшысымен кездесті

Автор: Асыл Арман

Fufeng Group Қазақстанның ауыл шаруашылығына қатысты жоспарларын таныстырды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Fufeng Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчуньді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Сюэчуньді Жамбыл облысында ауқымды инвестициялық жобаны іске қосуымен құттықтады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл кәсіпорын еліміздің индустриялық дамуы және агроөнеркәсіп биотехнологиясы сияқты жаңа бағытты қалыптастыру тұрғысынан стратегиялық мәнге ие. Бұл ретте шикізатты тұрақты жеткізу және өндірістік парк айналасында аграрлық белдеу құрудың маңызы зор.

«Ли Сюэчунь компания еліміздің диқандарымен жүгері сатып алу, сондай-ақ білікті маман даярлау бойынша ұзақмерзімді серіктестік орнатуға ниетті екенін айтты. Осы орайда еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлескен білім бағдарламаларын әзірлеу және кәсіпорын базасында отандық ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, R&D орталығын құру мүмкіндігі талқыланды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында ірі жобаларды жүзеге асыра алатындай қуатты ресурс пен әлеуетке ие екенін айтты.