Балалардың бос уақытын тиімді өткізу: Тоқаев Үкіметке ауылдарға ерекше көңіл бөлуді тапсырды

Автор: Асыл Арман

Президент Қазақстан тарихи және тағдыршешті дәуірге қадам басқанын тілге тиек етті

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау үшін кітапхана, музей, мектеп, саябақ және басқа да қоғамдық нысандарды барынша пайдалануды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы мұндай мүмкіндіктер тек ірі қалаларда емес, шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдарда да қолжетімді болуы керек екенін айтты.

«Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару керек. Бұл да – Халық Кеңесінің міндеті. Оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану, жаңа білім игеру, кітап оқу секілді көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюға тиіс. Ол үшін кітапхана, музей, мектеп, достық үйлері, саябақтар сияқты қолда бар инфрақұрылымды барынша жұмылдыру керек. Сонымен қатар басқа да қоғамдық нысандарды көбейткен жөн. Мұны тек үлкен қалаларда ғана қолға алмай, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарына, ауылдарға баса назар аудару маңызды. Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс», – дейді президент.

Ол өз сөзінде Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

«Қазақстан Халық Кеңесі мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты істе қолдану мәселесіне назар аударуы керек. Мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ уақыт бойы қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Басқаша айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Өйткені үлкен өзгерістер кішкене қадамдардан басталады. Ұлт пен адами капиталдың жаңа сапасы дәл осылай қалыптасады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз арасында Қазақстан тарихи және тағдыршешті дәуірге қадам басқанын тілге тиек етті.

«Қазір еліміз тарихи және тағдыршешті дәуірге қадам басты. Ауқымды өзгерістер үдерісі билік тармақтарын жаңғыртумен тоқтап қалмайтыны анық. Біз Әділетті, Озық, Таза, Күшті Қазақстанды құру жолындағы кешенді жұмысты үздіксіз жалғастыра береміз. Біз реформаларды табысты жүзеге асырып, еліміздің тұрақты өсіп-өркендеуі үшін мызғымас негіз қалыптастыруымыз қажет. Бұл үшін қоғамдық сананы өзгертуіміз керек. Басқа сөзбен айтсақ, халқымыздың санасының өзегінде білімпаздық, ұқыптылық, жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттері тұруға тиіс. Себебі заңға бағыну, елге жанашыр болу, табиғатқа қамқор көзбен қарау, тазалықты сақтау – мұның бәрі де озық ойлы ұлтқа тән маңызды құндылықтар. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» бастамаларының басты мақсаты да – осы құндылықтарды қоғамда түпкілікті орнықтыру», – дейді мемлекет басшысы.