Шымкентте ер адам 23 жыл бұрын жасаған қылмысы үшін 13 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

2003 жылы қылмыскерден 34 кг героин есірткісі табылды

Фото: istockphoto.com

Шымкентте осыдан 23 жыл бұрын жасалған қылмыс бойынша сот үкімі шықты. Ер адам 13 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың мәліметінше, ер адам 2003 жылғы тамыздан бастап есірткі саудасымен айналысқан халықаралық қылмыстық топтармен байланыс орнатқан. Олар есірткіні көтерме бағамен сатып алып, басқа елдерге өткізумен айналысқан.

2003 жылғы қазан айының басында ол қылмыстық топтың басшысынан аса ірі мөлшерде героин өткізу туралы тапсырма алған. 2003 жылғы 20 қарашада ер адам сыбайласымен бірге Шымкенттен Ақтөбеге қарай жолға шыққан. Екі күннен кейін, 22 қарашада олар мінген көлік Шымкент – Самара автожолының Арал маңындағы бөлігінде тоқтатылған. Көлікті тексеру кезінде полиция жанармай багынан ұнтақ тәрізді зат салынған 35 пакет тапқан. Сараптама нәтижесінде оның жалпы салмағы 34 047,41 грамм болатын аса ірі мөлшердегі героин екені анықталған.

Осыдан кейін ер адам халықаралық іздеуге жарияланған. Ол 2024 жылы Ресейде ұсталып, 2025 жылы Қазақстанға жеткізілген.

«Ер адам өз кінәсін мойындамағанына қарамастан, оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, аудиожазбалармен, сараптама қорытындыларымен және басты сот талқылауы барысында зерттелген істің басқа да материалдарымен толық дәлелденген. Сотталушы өзін ақтауды сұраған. Сот істі қарау барысында сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтамаған. Сот сотталушыны тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оған түпкілікті 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енді.