Үкіметте жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып жатыр
Қазақстанда рөлі оң жақтан сол жаққа ауысқан көліктерді такси ретінде пайдалануға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Саурабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру үшін бірқатар жаңа талап әзірленіп жатыр.
«Қауіпсіздікті одан әрі күшейту үшін рөлі оң жақтан солға ауысқан көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салу бойынша өзгерістер әзірленуде», – деді Нұрлан Саурабаев.
Сонымен қатар тасымалдау саласында агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен, сондай-ақ «Яндекс» пен inDrive сервистерімен бірлесіп, рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңға жуық көлікті жолаушылар тасымалы процесінен шығарған.
Бұған қоса, техникалық байқау орталықтарының жауапкершілігі де күшейген. Енді мұндай орталықтар жұмыс бастау үшін арнайы рұқсат алуы қажет. Талаптарды бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 30-дан 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Ал техникалық байқауды іс жүзінде өткізбей, құжат жүзінде ғана рәсімдеген орталықтардың жұмысы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.