СҚО мен ШҚО-да жылу беру маусымы қашан басталатыны анықталды

Автор: Махан Миражан

Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында баяндады 

Фото: Үкімет баспасөзінен

Қазақстанның бірқатар өңірінде жылыту маусымына дайындық жұмысы әлі жүріп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, 14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Ал Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде жылу беру ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін басталуы жоспарланған. Жалпы жөндеу жұмысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастауға қажетті отын қоры мен негізгі жабдықтар қалыптастырылған.

«17 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу толық көлемде орындалды. Тоғыз қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында. Жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 366 шақырымы дайын, бұл – 97 пайыз», – деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар бірқатар өңірдегі дайындық жұмыстары Энергетика министрлігі мен Үкіметтің бақылауында екенін атап өтті.

«Мәселен, Сәтбаев қаласында жылу магистралін жаңғырту толық аяқталған. Қазір желіні тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Петропавл қаласындағы жылу магистральдарының дайындығы 95 пайызды құрайды. Қалған жұмыстарды осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Семей қаласында үш жоба бойынша өткен аптада жұмыстардың 15 пайызы орындалды. Жалпы орындалу деңгейі 70 пайызға жетті. Алайда сутартқыш құрылғылары мен жылу алмастырғыштарды жеткізу 26 қыркүйекке жоспарланған. Осыған байланысты облыс әкімдігіне жабдықтарды жеткізуді жеделдету тапсырылды», - деді министр.

Ерлан Ақкенженовтың сөзінше, Степногорск қаласында өткен аптада жылу магистралін реконструкциялау жұмыстарының 24 пайызы орындалған. Қазір желінің жалпы дайындығы 76 пайызды құрайды. Жұмыстарды 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Энергетика министрі өңірлерге жөндеу жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Министрліктің мәліметінше, жылу маусымына дайындық барысы бұдан әрі де күнделікті бақылауда болады.