Жазуы нашар оқушылардың бағасы төмендей ме: министрлік 2-4 сыныптағы аралық бағалаудың талаптарын түсіндірді

Автор: Асыл Арман

Қазақстан мектептерінде 2-4 сынып оқушыларының аралық бағалауы басталады

Фото: Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметі

Қазақстанда 23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бір-бірін толықтырады және оқу процесі барысында қатар қолданылады.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Бағалау форматы пәнге байланысты:

  • қазақ тілі немесе орыс тілі – диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады;
  • әдебиеттік оқу – шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі;
  • математика – бақылау жұмысы. Есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу бағаланады.

Бір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы – 40 минут. Ең жоғары балл: 2-сыныпта – 12, 3-сыныпта – 14, 4-сыныпта – 16 балл.

«Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады. Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды. 1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді. Бағалаудың негізгі мақсаты – оқушыға тек баға қою емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және әрі қарай дамуына бағыт беру. Бағалау баланың алға жылжуына көмектесетін кері байланыс құралы болуы тиіс», - делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік ескерткендей, каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды.