Қазақстанда 2026 жылы жүкті әйелдерге 500 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді

Автор: Алмас Ерсін

Диагностикамен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылды

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда әйелдер консультациялары алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 425 ұйым мен 24 облыстық перинаталдық орталық базасында жұмыс істейді. Онда жеке тіркеу бөлімдері, емшара кабинеттері және отбасын жоспарлау орталықтары ұйымдастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әйелдер консультациясының қызметтерін қазірдің өзінде 1 миллионнан астам әйел пайдаланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сонымен қатар жүктіліктің 10 аптасына дейін есепке тұрған әйелдердің үлесі 18%-ға өсіп, 71%-ға жетті.

Ұрықтағы туа біткен даму ақауларын ерте анықтауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта барлық өңірде перинаталдық орталықтар базасында «Бір күндік клиникалар» жұмыс істейді. Онда жүкті әйелдерге кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында бес түрлі зерттеу жүргізіліп, нәтижелері келесі күні беріледі.

«2026 жылы диагностикамен 100 мыңнан астам жүкті әйел қамтылып, 500 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Соның нәтижесінде ұрықтағы даму ақауларын анықтау көрсеткіші 13%-ға өсіп, нәресте өлімі 15%-ға төмендеді», – делінген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар 2025 жылдан бастап елімізде «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама әйелдерді дені сау жүктілікке дайындауға бағытталған 12 түрлі тегін тексеруді қамтиды.

Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан астам босану болады. Денсаулық сақтау министрлігінің атап өтуінше, мемлекет ана мен бала денсаулығын қорғауға және әйелдердің тұрғылықты жері мен қаржылық мүмкіндігіне қарамастан медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге жағдай жасауды жалғастырып келеді.