Алматыда полицейлер мотоцикл жүргізушілеріне түнгі рейд жүргізді

Автор: Дәулет Ботагөз

Жыл басынан бері мегаполисте мотоциклдердің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Фото: © istockphoto.com

Алматы жолдарында түнгі уақытта топтасып, жоғары жылдамдықпен қауіпті маневрлер жасаған бір топ мотоцикл жүргізушісі полиция назарына ілікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ереже бұзушылықты Жедел басқару орталығының операторлары бейнебақылау камералары арқылы тіркеп, ақпаратты бірден жақын маңдағы патрульдік экипаждарға жолдаған.

Патрульдік нарядтарға ереже бұзған мотоциклшілердің жолын бұғаттау және оларды ұстау бойынша бағыттама берілді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай жауапсыз жүрістің салдары тек әкімшілік айыппұлмен шектелмейді.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері мегаполисте мотоциклдердің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Дәл осы себепті Алматының түнгі жолдары камералар мен патрульдік экипаждардың айрықша бақылауына алынды. Полиция өкілдері жолдағы әрбір ойланбай жасалған маневр қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, жол ережесін қатаң сақтауға шақырады.