Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі оны негізсіз баспана кезегінен шығарып тастаған
Маңғыстауда ата-анасынан 20 жыл бұрын айырылған ер адам баспана мәселесі бойынша әкімдікті сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, Жаңаөзен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қатысты ер адамның тұрғын үй кезегіндегі құқығын қалпына келтіру туралы талап арызы қаралды. Ол 2009 жылғы 7 желтоқсандағы жағдай бойынша «жетім балалар» санаты арқылы тұрғын үй кезегіне қайта қоюды талап еткен.
Сотта анықталғандай, ол ата-анасынан айырылып, 2002-2013 жылдар аралығында облыстық балалар үйінде тәрбиеленген.
«2009 жылғы 7 желтоқсанда ол коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж азамат ретінде «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған. Талап қоюшы ұсынған газет үзіндісінде 2018 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша оның «жетім балалар» санатындағы тұрғын үй кезегінде 21-орында тұрғаны көрсетілген. Алайда 2020 жылы тұрақты тіркеу мекенжайының өзгеруіне байланысты тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған», – делінген хабарламада.
Соттың айтуынша, 2020 жылы талап қоюшы кезектен шығарылған кезде қолданыста болған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң талаптарына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, кезекке қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспанамен қамтамасыз етілгенге дейін тұрғын үй кезегінен шығарылмауы тиіс болған.
Сот талап арызды қанағаттандырды. Осыған байланысты талап қоюшыны 2009 жылғы 7 желтоқсандағы жағдай бойынша «жетім балалар» санатымен тұрғын үй алу кезегіне қайта қою міндеті жүктелді. Сот шешімі заңды күшіне енді.