Жамбыл облысында қойшы иесінің 250 бас малын ұрлап, 30 млн теңге шығын келтірген

Автор: Асыл Арман

Ұрланған малдың бір бөлігі кейіннен басқа адамдарға 800 мың теңгеге сатылғаны анықталды

Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысының Меркі ауданында шаруа қожалығының иесі малын түгендеу кезінде 250 бас қойының жоғалғанын анықтап, полицияға жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің «аса ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жасаған мал ұрлығы» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрланған малдың бір бөлігін Т.Рысқұлов ауданынан анықтады. Табылған мал тану рәсімінен кейін заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында шаруа қожалықта мал баққан қойшының өзге де адамдармен алдын ала сөз байласып, малдарды жасырын жымқыруға қатысы бар екені белгілі болды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ұрланған малдың бір бөлігі кейіннен басқа адамдарға 800 мың теңгеге сатылғаны анықталды.

Қылмыстық іс бойынша үш күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.