«Кітап оқитын ұлт»: жобаға миллионнан астам қазақстандық тіркелді (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Қатысушылар байқаудың жеті бағытының бірін таңдай алады

Фото: istockphoto.com

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасына қатысуға миллионнан астам қазақстандық тіркелді. Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығын орындау аясында іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қатысушылар байқаудың жеті бағытының бірін таңдай алады. Тіркелгеннен кейін олар алты ай ішінде 15 кітап оқып, ұйымдар, аудандар, қалалар мен өңірлер деңгейінде өтетін бірнеше іріктеу кезеңінен өтеді. Өңірлік кезеңдегі сайыс командалық форматта ұйымдастырылады.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандықтардың жобаға зор қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, кітап оқу мәдениетін дамыту баршаға ортақ міндет екенін айтты. Небәрі екі аптаның ішінде миллионнан астам адамның тіркелуі бұл бастаманың халық арасында үлкен қызығушылық тудырғанын көрсетеді.

Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша төрт мыңға жуық қатысушы «Жыл оқырманы» атағы үшін жарысты жалғастырады. Өңірлік іріктеуде жүлделі орын алған қатысушыларға ақшалай сыйлық беріледі: бірінші орынға – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге.

Келесі кезеңде қатысушылар эссе жазып, оқыған шығармалары бойынша таныстырылым жасап, сарапшылар алқасының алдында сөз сөйлейді. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша әр өңірден он үздік оқырман анықталады.

Астанада өтетін республикалық финалға еліміздің 20 өңірінен 200 адам қатысады. Олар тестілеуден өтіп, байқау тапсырмаларын орындайды және қазылар алқасының алдында сөз сөйлейді. Финал қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік он оқырманы анықталады. Олардың әрқайсысы 10 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болады.