Соңғы бір жарым айдың өзінде республика бойынша осындай 119 дерек тіркелген
Бас прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілердегі жалған инвестициялық ұсыныстардан сақ болуға шақырды. Қаскөйлер TikTok, Instagram және YouTube платформаларында танымал адамдардың дипфейк-бейнелерін пайдаланып, жоғары табыс уәде етеді. Тек соңғы бір жарым айда республика бойынша осындай 119 алаяқтық дерегі тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар тарапынан Михаил Ломтадземен Kaspi AI, Илон Маскпен Quantum AI, Павел Дуровпен TON, сондай-ақ «Хабар24», «КТК» немесе «Бірінші арна» телеарналарының танымал жаңалық жүргізушілерімен бірге «ҚазМұнайГазға» немесе «Газпромға» халықтық инвестициялар туралы ұсыныстар жасайды.
Соңғы бір жарым айдың өзінде республика бойынша осындай 119 дерек тіркелген.
Биыл қыркүйек айында Талдықорған қаласының тұрғыны аса ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша арызбен жүгінген.
«Арызданушы Instagram әлеуметтік желісін қарап отырып, трейдинг (акцияларды сатып алу және сату) арқылы аса жоғары пайда табуды ұсынған жарнаманы көрген. Сілтемеге өтіп, жәбірленуші өзінің жеке және байланыс деректерін көрсете отырып, өтінім қалдырған. Кейін жәбірленушімен қаскөйлер байланысқа шыққан. Олардың нұсқауларын орындаған ол үшінші тұлғалардың шоттарына 7 млн теңгеден астам ақша аударған. Бұл ретте ол аударған ақшалай қаражат және болжамды дивидендтер жалған әмиянда көрсетілген, алайда алаяқтар олардың қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін бермеген. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға шақырады», – делінген хабарламада.
Жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіздер және инвестициялау деген сылтаумен белгісіз адамдарға ақша аудармаңыздар, ақшалай қаражатты инвестициялаудан бұрын компания және ұсынылып отырған инвестициялық жоба туралы ақпаратты өз бетінше тексеріңіздер, де ескертті прокуратура.