Оқиға Астанадағы №43 автобус маршрутында болған
Астанада автобус жүргізушісі салонға жолаушы мініп бара жатқан сәтте есікті жауып қалып, қысып тастады. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Астанадағы №43 автобус маршрутында болған. Оның барысы туралы Threads қолданушысы арнайы жазба жариялады.
«Жүргізуші күйеуімді автобус есігіне қысып тастады. Ол есікті бізді балаларымызбен бірге кіру үшін ұстап тұрған. Балаларым кіріп те үлгерген жоқ. Жолаушылардың ескертуіне боқтап жауап беріп, артынша бәрімізді автобустан түсіріп тастағаннан кейін кетіп қалды», – деп жазды желі қолданушысы.
Оқиғаға қатысты Астана қаласының Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында маршруттық автобус жүргізушісінің жолаушымен жанжалдасқан сәті түсірілген бейнежазбаны анықтады.
«Тексеру барысында жанжал жолаушы жұбайы мен балаларын күтіп, автобус салонына кіріп үлгеруі үшін есікті ұстап тұрған кезде болғаны анықталды. Жүргізуші бұған агрессивті түрде жауап беріп, жолаушыға балағат сөздер айтқан. Жанжал тіпті төбелеске ұласып кете жаздаған. Осыдан кейін жүргізуші барлық жолаушыдан автобустан түсуді талап етіп, оқиға орнынан кетіп қалған. Осы факті бойынша полиция 51 жастағы автобус жүргізушісін анықтап, ұстады. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары сотқа жолданды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар жүргізушімен осындай әрекеттерге жол бермеу және қоғамдық тәртіп нормаларын сақтау қажеттігі жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полиция қызметкерлері азаматтарды қоғамдық орындарда жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын сақтауға, қорлау мен агрессивті әрекетке ұласатын жанжалдарға жол бермеуге шақырды.