Аймақта бірқатар адам есірткімен ұсталды
ІІМ Жамбыл облысынан Қазақстанның бірқатар өңіріне есірткі тарап жатыр деген күдікпен тергеу жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство дерегіне сүйенсек, Жамбыл облысының аумағында 120 келі дайын өнім мен есірткі дайындауға арналған шикізат тәркіленді.
Меркі ауданына қарасты Қарасу ауылының маңында есірткі сатқаны үшін бірнеше рет сотталған жергілікті тұрғын жерасты жасырған жерінен 20 келі марихуана алып жатқан жерінде ұсталды.
Шу ауданында зауыттардың бірінің маңында бес қап кептірілген марихуанасы бар жасырын орынды қазып, ашу кезінде үш жергілікті тұрғын құрықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 72 келі болған. Айт кету керек, ұсталған дайындаушылардың екеуі бұрын есірткінің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапқа тартылған.
Бұдан бөлек, Түрксіб станциясында Шу – Тәтті теміржол аралығында екі жергілікті тұрғын ұсталды, олардан құрамында есірткісі бар 25 келі қарасора өсімдігі тәркіленді.
«Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың барлық фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі өндірістер басталды. Ұсталғандар УҰИ-ға қамалды», – делінген ІІМ хабарламасында.