Әуе таксиі, дрондар және вертипорттар: Қазақстан Кореямен жаңа келісімге келді

Автор: Асыл Арман

Қазақстан Кореямен әуе таксиі мен дрондарды басқару технологиясын енгізеді

Фото: Көлік министрлігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстанда қалалық әуе мобильділігі (UAM), ұшқышсыз авиация және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін цифрлық басқару технологияларын дамыту бойынша жаңа уағдаластықтарға қол жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік саласын цифрландыру бағытындағы негізгі құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі (MOLIT) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.

Құжатқа премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қазақстан Республикасы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев және MOLIT министрі Ким Юн Док қол қойды.

Меморандум технологиялар трансферін жүзеге асыруға, ұшқышсыз авиациялық жүйелердің қозғалысын басқару жүйесін (UTM) әзірлеуге және енгізуге бағытталған. Сондай-ақ құжат UTM саласында толыққанды үкіметаралық келісім дайындау мүмкіндігін қарастырады.

Жобаны практикалық іске асыру бойынша уәкілетті серіктестер ретінде Корея Республикасының мемлекеттік Korea Airports Corporation (KAC) корпорациясы және қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы айқындалды.

Ынтымақтастық төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқаруға арналған заманауи цифрлық технологиялар мен шешімдерді Қазақстанға беру және жергілікті жағдайға бейімдеуді, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерді, eVTOL әуе кемелерін және әуе көлігінің басқа да түрлерін Қазақстанның бірыңғай цифрлық экожүйесіне қауіпсіз интеграциялауға қажетті технологиялық негіз қалыптастыруды көздейді.

Қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Қазақстанда UTM жүйесін жергілікті деңгейде енгізу үшін қажетті технологиялар мен цифрлық шешімдерді беру жоспарлануда. Бұл технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, жүйені жергілікті деңгейде басқаруға және деректерді Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес өңдеуге мүмкіндік береді.

Жаңа технологияларды қауіпсіз енгізу мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жобаға қатысушылар үшін эксперименттік құқықтық режимді және мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын қолдану мүмкіндігін қарастырады.

Жобаны іске асыру барысында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) қолданыстағы халықаралық стандарттары мен ұсынылатын практикасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау саласындағы талаптары ескерілетін болады.

KAC пен AAAG ынтымақтастығы Қазақстанда қалалық әуе мобильділігі экожүйесін қалыптастыру жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама әуе қозғалысын цифрлық басқару жүйесін, eVTOL әуе кемелеріне арналған инфрақұрылымды, вертипорттарды және ұшқышсыз логистикаға арналған шешімдерді дамытуды қамтиды.

Alatau City Қазақстанда UTM-нің озық шешімдерін практикалық енгізу және заманауи әуе мобильділігі экожүйесін қалыптастыру бойынша алғашқы алаң болады.