Елена Рыбакина биыл турнирлерден қанша табыс тапты

Автор: Асыл Арман

Ол биыл әйелдер арасындағы рейтингте көш бастап тұр

Фото: ҚТФ

Елена Рыбакинаның биылғы турнирлерден қанша табыс тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Sportico.com мәліметінше, 2026 жылғы маусымда теннис турнирлерінде ең көп сыйақы алған Александр Зверев (ерлер арасында) көш бастап тұр. Германиялық спортшы биыл жарыстардан жалпы 14,71 миллион доллар табыс тапқан.

Зверев АҚШ ашық чемпионатында жеңіске жетіп, 5,5 миллион доллар сыйақы алды. Ал маусым айында «Ролан Гаррос» турнирінде чемпион атанып, тағы 3,27 миллион доллар иеленді. Екі жарыста да биылғы чемпионға берілген сыйақы өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өскен. Бұдан бөлек, Зверев Уимблдонда финалға дейін жетсе, Australian Open турнирінде жартылай финалда өнер көрсетті.

Осы нәтижелерінің арқасында Зверев карьерасында теннис турнирлерінен алған жалпы сыйақы көлемі бойынша әлемдегі үздік бестікке кірді. Оның карьерасындағы жалпы табысы 74,1 миллион долларға жеткен. Айта кетейік, неміс теннисшісі «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирде чемпион атанған.

2026 жылғы табыс көлемі бойынша Зверевтен кейін әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер тұр. Италиялық спортшы биыл 11,62 миллион доллар сыйақы алған. Ол маусым басында өткен алғашқы бес ATP Masters 1000 турнирінің бәрінде жеңіске жетіп, әр чемпиондығы үшін 1 миллион доллардан астам сыйақы иеленді.

25 жастағы Синнер кейін Уимблдонда алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде чемпион атанып, шамамен 4,8 миллион доллар алды. Алайда жарақатына байланысты АҚШ ашық чемпионатына қатыса алмады. Синнердің карьерасындағы теннис турнирлерінен алған жалпы сыйақысы 69,6 миллион долларға жетіп, осы көрсеткіш бойынша әлемде алтыншы орынға тұрақтады.

Ал әйелдер арасында 2026 жылғы жарыстарда ең көп сыйақы алған теннисші – қазақстандық Елена Рыбакина. Оның биылғы табысы 10,88 миллион долларға жеткен.

Рыбакинаның табысының негізгі бөлігі АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісінен түсті. Бұл «Үлкен дулыға» турнирлерінің ішінде чемпионға ең жоғары сыйақы берілетін жарыс саналады. 27 жастағы қазақстандық теннисші бұған дейін маусым басында Australian Open турнирінде де чемпион атанып, 2,8 миллион доллар алған.

Осылайша Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирлерінде үш рет жеңіске жетті. Сонымен қатар ол карьерасында алғаш рет әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді.

Жалпы, биыл 50 теннисші – 23 әйел және 27 ер адам – турнирлерде кемінде 2 миллион доллар сыйақы алған.

Теннисшілер үшін биылғы маусымдағы ең ірі жарыстардың бірі қараша айында өтетін ATP және WTA Finals турнирлері болмақ. Былтыр әлемдік рейтингтегі үздік сегіз теннисші бақ сынаған бұл жарыстардың әрқайсысында жүлде қоры 15,5 миллион доллар болған. Чемпионға 5 миллион доллардан астам сыйақы берілген.