Түркістан облысында қылмыстық топ төрт түлік малды асылдандырамыз деп 103 млн теңге субсидия ұрлаған
Олар бұл ақшаға 2 тұрғын үй, 4 автокөлік, автотұрақ орнын және жер телімін сатып алған
Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысында мемлекеттік субсидияларды жымқырды деген қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтап, былықтарын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық топ ойлаған арам ойын іске асыру үшін өзгелердің атына ресми түрде тіркелген 4 жеке кәсіпкерлік, «Нұр-Келес» ЖШС және «Бимен С.» ЖШС пайдаланылған. Олар өздеріне берілген электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға мүмкіндік беретін нотариалды сенімхаттар арқылы бақылауда ұстаған.
Осы арқылы ақпараттық жүйелерге мал сатып алу мен олардың қолда бары, сондай-ақ асылдандыру жұмысы жүргізілгені туралы жалған мәліметтер енгізген. Кейін осы мәліметтердің негізінде субсидия алуға электрондық өтінімдер берілген.
«Бюджеттен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсаттарына жұмсалған. Келтірілген залалдың жалпы көлемі – 103 млн теңге. Соның салдарынан адал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға арналған бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалған. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 2 тұрғын үй, 4 автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – делінген ҚМА хабарламасында.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.