Астана тұрғыны тікелей эфирдегі өрескел әрекеті үшін жауапкершілікке тартылды
Астанада тікелей эфирде лас сөздер айтып, көңілді газ қолданған әйел адамға қандай жаза қолданылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында тікелей эфир кезінде әдепсіз әрекет танытып, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан әйел адамның видеосын анықтады.
«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері Алматы облысының 27 жастағы тумасы Маржан Әділбекті анықтады. Тексеру барысында әйелдің тікелей эфир кезінде қаладағы қоғамдық орындардың бірінде болғаны және «күлдіргіш газ» деп аталатын затты қолданғаны белгілі болды. Азаматша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен оған айыппұл салынды. Қазіргі уақытта аталған мекемеге қатысты тексеру жүргізілуде. Аталған затты қолдану фактісіне тиісті құқықтық баға беріледі», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті бұзу, агрессивті мінез-құлық таныту және балағат сөздер айту заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада боғауыз сөздер айтып, есірткіге пара-пар затты қолданған стример істі болғаны хабарланған.