Алматыда балық аулап отырған балықшы судан оқ-дәрі салынған сөмкені алып шықты (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Балықшы «Маяк» қалалық көлінде балық аулап отырған

Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы көлдердің бірінде балық аулап отырған ер адам күтпеген олжаға тап болды. Ол балықтың орнына судан оқ-дәрі салынған сөмке алып шыққан. Оқ-дәрілер тәркіленіп, полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 17:30 шамасында «102» пультіне Түрксіб ауданынан қоңырау түскен.

Балықшы «Маяк» қалалық көлінде болған. Ол қармағын суға лақтырып, ілмектің әлдебір ауыр затқа ілінгенін сезген. Балықшы қармақ жібімен бірге судан сөмкені алып шыққан. Сөмкені ашқанда, ішінен оқтарды көрген.

Оқиға орнына Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы дереу жетті. Оқ-дәрілер тәркіленді.

Балистикалық сараптама тағайындалды. Мамандар табылған оқтардың қайдан шыққанын және кімге тиесілі екенін анықтауы тиіс.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.