Боғауыз сөйлеп, кальянды жарнамалаған: Семейде бозбаланың видеосы полицияның назарын аударды

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстанда 2020 жылдан бері кальян шегуге тыйым салынған

Фото: Видеодан скрин

Семей қаласында боғауыз сөйлеп, кальянды реклама жасаған бозбала полицияның еріксіз назарын аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, видеода бозбаланың 17 жаста екені анықталды.

«Тексеру нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ мекеме өкіліне тыйым салынған жерде темекі өнімдерін тұтынуға жол бермеу бойынша шара қолданбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылды», – деп мәлімдеді өңір полициясы.

Әкімшілік материалдар заңда белгіленген тәртіппен қарауға жолданғаны атап өтілді.

Құқық қорғау органдары Қазақстанда қоғамдық орындарда кальян шегуге 2020 жылдан бері тыйым салынғанын еске салды.