Қазақстан президентінің архиві мен Кореяның Ұлттық архиві меморандумға қол қойды

Автор: Бақыт Шынар

Осылайша он жылдық әріптестіктің жаңа кезеңі басталды

Фото: Ұлттық архив

Қазақстан президентінің Архиві мен Корея Республикасының Ұлттық архиві ынтымақтастық туралы жаңа меморандум қабылдады. Құжатқа Мемлекет басшысының Корея Республикасына жасаған ресми сапары аясында қол қойылып,10 жылдық әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy архивтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Меморандум екі ел архившілері мен зерттеушілеріне құжаттарды бірлесіп іздеу және зерделеу бағытындағы жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Құжатқа Қазақстан Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Корея Республикасы Ұлттық архивінің президенті Ли Ён Чхуль қол қойды. Жаңа меморандум архив ісі саласындағы екіжақты байланысты кеңейтуге бағытталған және бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Атап айтқанда, мамандардың тәжірибе алмасуы және олардың біліктілігін арттыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық білім беру жобалары мен кәсіби іс-шараларға қатысу көзделген.

Кездесу барысында тараптар архив ісін цифрлық тұрғыдан дамыту және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін де талқылады. Корея Республикасы цифрлық технологиялар мен электрондық мемлекеттік басқару саласында әлемдегі озық елдердің бірі саналады. Осыған байланысты кореялық әріптестермен тәжірибе алмасу қазақстандық архившілерге жаңа технологиялық шешімдерді меңгеріп, оларды архив саласына енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

«Қазақстан мен Корея Республикасын өзара сенімге негізделген, қарқынды дамып келе жатқан достық қатынастар байланыстырады. Екі архив арасындағы ынтымақтастық елдеріміз арасындағы кәсіби және гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды бағыттарының біріне айналады деп сенемін. Корея тарапының ынтымақтастыққа деген ниетін жоғары бағалаймыз. Бүгін қол қойылған Меморандумның нақты істермен жалғасуына мүдделіміз. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды айқындап, жаңа бастамаларды іске асыруға кірісеміз деп сенеміз», – дейді Әлия Мұстафина.

ҚР Президентінің Архиві мен Корея Республикасының Ұлттық архиві арасындағы ынтымақтастықтың тарихы он жылға жуық уақытты қамтиды. Екіжақты байланыс 2016 жылғы 28 қазанда ҚР Президенті Архиві басшылығының Сеулге сапары кезінде басталып, сол кезде тараптар алғашқы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Содан бері әріптестік нақты жобалармен толықты.

2017-2019 жылдары ҚР Президентінің Архиві мамандары Корея Республикасында Records and Archives Management Program халықаралық бағдарламасы бойынша бірнеше рет тағылымдамадан өтті. Олар электрондық құжаттарды басқару, цифрлық сақтау, құжаттарды цифрландыру және архивтік материалдарды қалпына келтіру бағыттарындағы кореялық тәжірибені зерделеді.