Жетісу облысында полиция ұрланған 352 бас малды иелеріне қайтарды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан 9 қылмыстық топ әшкереленіп, 29 күдікті ұсталды

Фото: скриншот

Жетісу облысында мал ұрлығының алдын алу және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан 9 қылмыстық топ әшкереленіп, 29 күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы жылдың 8 айында облыс аумағында 62 мал ұрлығы фактісі тіркеліп, қылмыстардың ашылу деңгейі 84,5 пайызды құрады.

Мал ұрлығының статистикасы мен іздестіру нәтижелеріне сүйенсек, өңірде барлығы 584 бас мал, соның ішінде 173 ірі қара, 299 ұсақ мал және 112 жылқы қолды болған. Қабылданған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде олардың 352 басы аман-есен табылып, иелеріне кері қайтарылды. Ал осыған дейінгі 62 қылмыстық фактінің 46-сы төрт түліктің жайылымда қараусыз қалуынан болған, бұл мал ұрлығының басты себебі бақташысыз жайылуда болып отырғанын көрсетеді.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары мал иелеріне малды таңбалау мен есепке қоюды, қора-жайларды жарықтандырып, мүмкіндігінше бейнебақылау орнатуды ескертеді.

Сонымен қатар мал жоғалған жағдайда уақыт созбай, бірден полицияға хабарласу қажеттігі айтылды. Сонда жедел-іздестіру шаралары тез басталып, ұрланған малды ізін суытпай табу мүмкіндігі жоғарыламақ.