Әскерге шақыру уақытын қалай кейінге қалдыруға болады: Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді

Автор: Асыл Арман

Қорғаныс министрлігі шақырту қағазы бірден әскерге жіберу дегенді білдірмейтінін айтты

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда әскерге шақырылған азамат отан алдындағы борышын қалай кейінге қалдыра алады? Қорғаныс министрлігі осы мәселеге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, әскерге шақыру мерзімін шегеру мынадай жағдайларда беріледі: отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыру үшін және денсаулық жағдайы бойынша, сондай-ақ ауылды жерлерде жұмыс істейтін педагогтер мен дәрігерлерге, депутаттарға, азаматтық авиация және кеме экипаждарының мүшелеріне, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан тұлғаларға.

Оны рәсімдеу үшін растаушы құжаттарды ұсыну және әскерге шақыру комиссиясының шешімін алу қажет.

«Егер әскерге шақырылушы шетелде күндізгі бөлімде оқитын болса, әскерге шақыру мерзімін шегеруді рәсімдеу үшін оқу орнынан анықтама алып, eGov.kz порталы арқылы өтініш беру тиіс. Қажет болған жағдайда анықтама қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге ұсынылады. Шешімді әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды. Егер белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажет. Аурып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуі тиіс», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, шақырту қағазы бірден әскерге жіберу дегенді білдірмейді. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі. Уақытылы дайындық болған жағдайда, бұл рәсім еш қиындықсыз өтеді.