Көкшетауда 72 жастағы кейуана дәріханадан дәрі сатып алғаннан кейін сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Макинск қаласының 72 жастағы тұрғыны жалған рецептердің көмегімен Көкшетаудағы дәріханадан 300 таблетка трамадол сатып алған. Препаратты заңсыз сатып алғаны, тасымалдағаны және сақтағаны үшін Көкшетау қалалық соты әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйекте зейнеткер Көкшетау қаласындағы дәріханалардың бірінен трамадолдың 30 қаптамасын сатып алған. Әр қаптамада 10 таблеткадан болған. Сатып алғаннан кейін ол препаратты өзінде сақтаған.

Кейін әйелді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері ұстаған. Жиынтық кестеге сәйкес, тәркіленген заттың салмағы аса ірі мөлшерге жатады.

«Сот талқылауы барысында сотталушы таблеткаларды жеке қолдану үшін сатып алғанын айтқан. Алайда сотқа дейінгі тергеу барысында жиналған дәлелдемелердің жиынтығы оның психотроптық затты заңсыз сатып алғанын, тасымалдағанын және сақтағанын растады», – делінген хабарламада.

Сот бастапқыда әйелді 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Жаза тағайындау кезінде оның жасы ескерілді. Кейін рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

72 жастағы әйел жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап трамадол Қазақстанда есірткі құралдары, психотроптық заттар және олардың аналогтары тізіміне енгізілген. Препаратты заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.