Құрылтай жұмысын цифрландыру қалай жүреді
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева e-Quryltai жүйесін енгізу және Құрылтай жұмысын цифрландыру мәселесі жайлы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналист президент e-Quryltai жүйесін енгізу туралы бірнеше рет айтқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстың қалай болатынын және заң шығару қызметін цифрландыру мәселелері регламентте қалай қамтылғанын сұрады.
Снежанна Имашеваның айтуынша, цифрландыруға қатысты бірқатар норма Құрылтай регламентінде көрініс тапқан. Атап айтқанда, депутаттардың ұсыныстар мен тиісті материалдарды ұсыну тәртібі нақтыланған. Құжаттар мен түрлі ұсыныстарды жазбаша түрде ғана емес, цифрлық форматта да жолдауға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар депутат e-Quryltai жүйесі әзірленіп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, цифрландыру мәселелерінің барлығы регламентте жеке-жеке көрсетілмегенімен, Құрылтай қызметінде бұл бағытқа ерекше мән беріліп отыр.
«Регламенттің мазмұнына қарасақ, түрлі ұсыныстар мен хаттарды жазбаша немесе цифрлық форматта жіберуге болады. Яғни Құрылтай жұмысын цифрландыру бағыты қалыптасып келеді», – деді Снежанна Имашева.
Ол сондай-ақ Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті регламентте жеке аталмағанымен, цифрландыруға қатысты мәселелер осы комитеттің қарауына жататынын айтты.