Әлеуметтік желіде таралған бейнежазба полицияның назарынан тыс қалмады.
Ақтөбеде жастар әлеуметтік желідегі видеосы үшін көліктерінен айырылып, әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, Әбілқайыр хан даңғылы бойында Lada, Toyota және Hyundai көліктерінің жүргізушілері жол ережесін бұзып, қауіпті маневрлер жасаған сәттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жарияланған.
«Мониторинг барысында бейнежазба зерттеліп, онда көрсетілген құқық бұзушылықтарға қатысты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көлік жүргізушілерінің жеке басы анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша аталған жүргізушілерге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды», – делінген хабарламада.
Бұл жағдай әлеуметтік желідегі кез келген жарияланымның полиция қызметкерлерінің назарында екенін көрсетеді.
Кейбір жүргізушілер жолдағы қауіпті әрекетін бірнеше секундтық «контент» деп қабылдауы мүмкін. Алайда камераға түсірілген құқық бұзушылық әлеуметтік желіге жарияланғаннан кейін де тиісті бағасын алады.