ШҚО-да өткен отбасылық жүгіру фестиваліне екі мыңнан астам адам қатысты

Фестивальге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, 4,2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті

ШҚО-да өткен отбасылық жүгіру фестиваліне екі мыңнан астам адам қатысты
Фото: облыс әкімдігі

Өскемен қаласында спортты, салауатты өмір салтын және отбасылық құндылықтарды дәріптейтін ауқымды шара өтті. KAZZINC FAMILY RUN отбасылық жүгіру фестиваліне 2 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Фестивальді Minimarathon.kz жүгіру жобасы ұйымдастырса, бас демеуші - «Казцинк» компаниясы болды. Шараның басты ерекшелігі - оның барлық жастағы қатысушыларға арналғандығында. Фестиваль бағдарламасына балаларға, ересектерге, параспортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған түрлі қашықтықтар енгізілді. Кейбір жүгіру бағыттары жарыстан тыс форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға спорттық нәтижеден бұрын белсенді демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға басымдық берілді.

Фестивальге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, 4,2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті.

«Бүгінгі шара - жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл - балалар мен ата-аналарды, достар мен спорт сүйер қауымды біріктіретін, салауатты өмір салты мен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мереке. Фестивальдің басты ерекшелігі - әр жастағы қатысушылардың бас қосуы. Өйткені үлкен жетістіктер мен жарқын жеңістер әрқашан кішкентай қадамнан басталады», - деді өңір басшысы.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар бірнеше жас санаты бойынша анықталды. Мәреге жеткен әр қатысушыға естелік медаль табысталса, жүлдегерлер арнайы медальдармен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.