Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады
Синoптиктердің болжамы бойынша, ауқымды антициклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен 6 қыркүйекте еліміздің кей өңірінде ауа райының кескінді контрасты байқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметінің мәліметінше, елдің кей өңірлерінде жауын-шашын күтіліп, ауа температурасы төмендейді. Батыс өңірлерде жаңбыр жауып, күн күркіресе, оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында түнде жаңбыр мен қар аралас аздаған жауын-шашын болады. Ал Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында түнде -1°С-қа дейін үсік жүруі мүмкін, сондай-ақ елдің батыс, солтүстік және шығыс бөліктерінде тұман түсуі ықтимал.
Республиканың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында жел күшейеді. Ал оңтүстік өңірде шаңды дауыл тұруы мүмкін.
Сонымен қатар еліміздің 11 өңірінің бөлек аудандарында жоғары өрт қаупі сақталады. Ал 8 облыста және тағы 3 өңірдің кей аумақтарында төтенше өрт қаупі жарияланды.