Ақтауда бес баланың әкесінің өліміне қатысты сот үкімі шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Маңғыстау облысында 52 жастағы Аслан Қыдырбаевтың өліміне қатысты сот процесі аяқталды

Фото: © istockphoto.com

Маңғыстау облысында 52 жастағы Аслан Қыдырбаевтың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Оқиғаға байланысты үш ер адамға Маңғыстау облысының сотында «Адам өлімі» (ҚР ҚК 99-бабы) бойынша айып тағылған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Сот шешімімен басты айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған екі айыпталушы 3 жылға шартты түрде жаза алып, сот залынан босатылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 2 желтоқсанда болған. Төрт ер адам Қарақия ауданындағы Темір-баба жеріне түнде аң аулауға шыққан. Түнгі аңшылық кезінде атылған оқтан 52 жастағы Аслан Қыдырбаев қаза тапты.

Полиция бастапқыда бұл жағдайды «қаруды абайсыз қолданудан болған жазатайым оқиға» деп хабарлаған еді. Прокуратура өкілдері сотта басты айыпталушыға 17 жыл, ал қалған екі азаматқа 15 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Марқұмның отбасы полицияның ресми нұсқасымен де, шыққан сот үкімімен де түбегейлі келіспей отыр. Туыстарының айтуынша, күдіктілер зардап шегушіге медициналық көмек көрсетудің орнына, оның денесін пикаптың жүкбағажына салып, 9 сағат бойы тасымалдап уақыт созған. Сонымен қатар, олар оқиға орнынан бар болғаны 100 шақырым жердегі Жаңаөзен ауруханасына бұрылмай, мәйітті 300 шақырым қашықтықта орналасқан Ақтау қаласына бағыттап, әдейі бұрмалауға тырысқан. Оның үстіне, қаза тапқан азаматтың жақындары қылмыс қаруы суға батып кетті деген күмәнді болжамға да сенбейді.

Марқұмның артында әйелі мен 5 баласы қалды. Жақындары шешімге шағым түсіріп, қайта тәуелсіз сараптама жүргізуді талап етіп отыр.