Металл, тағам, мұнай химиясы, фармацевтика: Қазақстан Лаос еліне қандай тауар экспорттауы мүмкін

Автор: Асыл Арман

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Қазақстан мен Лаос президенттері делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму перспективасын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы Лаос Халық Демократиялық Республикасы президентінің елімізге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты байланыстарды нығайтуға тың серпін беретінін жеткізді.

Сондай-ақ Қазақстан Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Біз Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниеттіміз. Бұл қарым-қатынасымызды нығайта түсуге берік негіз болады деп ойлаймыз. Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің мүмкіндігі мол екенін көріп отырмыз. Ең алдымен, металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз», – деді президент.

Мемлекет басшысы екі елдің көлік-логистика саласындағы ықпалдастығына назар аударып, Лаостың бұл бағыттағы табысын жоғары бағалады.

«Қазақстан Орталық Азияда тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып келеді. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. Грузияның Батуми және ҚХР-дың Ляньюньган порттарында қазақстандық терминалдар жұмыс істейді. Біз Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабын іске қостық. Осы платформаларды лаостық жүк тасымалдаушылар пайдалана алады. Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропаға біздің көлік дәліздері арқылы шығаруға болады. Қазақстан да Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Біз Лаостың теңізге шығатын жолы жоқ елден Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін байланыстырушы елге айналу жолындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Лаос – Қытай теміржолы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытаймен және Еуропамен жалғауға жол ашты. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет», – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін барынша пайдалануға шақырды

«АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың халықаралық алаңына айналды. Онда әлемнің 90-нан аса елінен келген 6300-ден астам компания тіркелген. АХҚО платформасы арқылы Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартылды. АХҚО Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады», – деді ол.

Әңгімелесу кезінде мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ықпалдастық перспективасына ерекше назар аударылды.

Екі елдің жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнатудың, академиялық алмасу мен бірлесе кадр даярлау аясын кеңейтудің, сұранысқа ие лаостық мамандарды Қазақстанда оқытудың әлеуеті зор.