Ол бұрынғы лауазымынан босатылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сыртқы істер министрін тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Айта кетейік, Мұхтар Тілеуберді Бескенұлы 1968 жылғы 30 маусымда туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында және Йенсе Университеті (Корей Республикасы) жанындағы Тілдер институтында тәжірибе алған. Оқуды аяқтағаннан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында жұмыс істеген.
Дипломатиялық қызметін 1993 жылы атташе лауазымынан бастады. Орталық аппараттағы жұмыс барысында Азия елдері басқармасының үшінші хатшысы, Азия департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы қызметтерін атқарды.
Шетелде Қазақстанның Корей Республикасындағы елшілігінде екінші хатшы және Израиль мемлекетіндегі елшілігінде кеңесші болып жұмыс істеді. ҚР Президентінің Әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының сыртқы саясат мәселелер жөніндегі кеңесшісі лауазымында жұмыс істеді.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын, корей тілдерін меңгерген.