VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды

Автор: Асыл Арман

Финалда отандастарымыз Қырғызстан спортшыларымен күш сынасты

Фото: Видеодан скрин

Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақтан (эр эңиш) екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрталап Керім финалдық белдесуде Қырғызстан спортшысынан басым түсіп, жарыс чемпионы атанды.

Ал 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайлау Мұхаммеджан да финалда қырғыз спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Қазақстан құрамасының дүбірлі додадағы алғашқы алтын медальдары.

Аударыспақ – ат үстінде күш пен ептілікті, шапшаңдық пен батылдықты талап ететін қазақтың дәстүрлі ұлттық спорты. Бүгінде елімізде 11,5 мыңнан астам адам аударыспақпен тұрақты түрде шұғылданады.