Ал медианалық жалақы мөлшері 348 415 теңге болды
Қазақстанда 2026 жылдың сәуір-маусым айларында орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,4%-ға өскенімен, нақты мәнде 1,8%-ға төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екінші тоқсандағы медианалық жалақы мөлшері 348 415 теңге болды.
Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақы 5,4%-ға артты. Нақты мәнде өсім 3%-ды құрады.
2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда орташа жалақының ең жоғары өсімі Ақмола облысында – 10,7%, Абай облысында – 10,6% және Алматы қаласында – 10,2% тіркелді. Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 9,5%-ға, Павлодар облысы мен Шымкентте 9,4%-ға өскен.
Салалар бөлінісінде жалақы көбіне ауыл, орман және балық шаруашылығында 17,5%-ға, құрылыста 16,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде 16%-ға артқан.
Өнеркәсіп саласында орташа айлық жалақы 11,4%-ға өсті. Оның ішінде сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қоқыс жинау және жою салаларында жалақы 14,7%-ға, ал электр энергиясы, газ, бу, ыстық су және ауаны баптаумен қамтамасыз ету саласында 13,6%-ға артқан.
Ең төмен өсім білім беру саласында – 3,2%, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 3,4%, сондай-ақ ақпарат және байланыс саласында 3,8% болды.
Ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметі саласында тіркелді. Бұл саладағы жалақы республикалық орташа көрсеткіштен 2,3 есе жоғары. Тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді игеру саласында жалақы орташа деңгейден 2 есе, ал ақпарат және байланыс саласында 1,7 есе жоғары болды.