«Бала сап-сау»: Отардағы әскери гарнизонның қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды

Автор: Асыл Арман

Полиция қызметкерлері оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында қоқыс жәшігінен жаңа туған шақалақ табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған мәліметке сүйенсек, сәби сап-сау, денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.

Агенттік тілшісі Жамбыл облысының Полиция департментінің сұрау жолдап, ресми мәлімет алды.

Құқық қорғау органының мәліметіне сүйенсек, жаңа туған нәрестені қауіпті жағдайда қалдыру дерегі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады.

«Қазіргі уақытта сәбидің анасының жеке басын және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Нәресте медициналық мекемеге орналастырылды. Жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», – делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.