Қазақстан тасжолдарында ауыр жүк көліктердің салмағын өлшейтін жүйені белгісіз біреулер өртеп кеткен

Автор: Асыл Арман

Жыл басынан бері мұндай үш оқиға тіркелді

Фото: «ҚазАвтоЖол»

Қазақстанның тасжолдарында белгіленген салмақ нормаларын бұзатын ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейіп жатыр. Ал 2026 жылдың басынан бері көліктердің салмағын автоматты түрде өлшейтін жүйелер үш рет өртеніп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 28 тамызда «Астана – Қарағанды – Алматы» автомобиль жолының 15-шақырымындағы Күйгенжар елді мекені маңында тұрған өлшеу жүйесі өртеніп кеткен. Оқиға шамамен сағат 02:15-те болды. Жүйе көлік құралдарының өтуі туралы соңғы деректі сағат 02:11-де, яғни оқиғадан бірнеше минут бұрын тіркеген.

«Бір жылдың ішінде осындай үш жағдайдың тіркелуі ерекше назар аударуды талап етеді. Егер АӨЖ нысандарының қасақана зақымдалғаны анықталса, бұл тек жол жабдығын істен шығару фактісі ретінде қарастырылмайды. Мұндай әрекет мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға, автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етуге және белгіленген салмақ нормаларының орындалуын бақылауға арналған мүлікке зиян келтіру болып саналады. «ҚазАвтоЖолдың» ұстанымы айқын: күрес жүк көлігімен емес, артық жүкпен жүргізіледі. Күн сайын мыңдаған тасымалдаушы заңнама талаптарын сақтай отырып жұмыс істейді. Алайда бір рейсте көбірек жүк тасымалдауға деген ұмтылыс мемлекеттік автомобиль жолдарының сақталуына және өзгелердің де қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуге тиіс», – делінген компания хабарламасында.