Термиттер 24 тұрғын үй мен бір әлеуметтік нысаннан анықталған
Атырау облысы Жылыой ауданындағы Майкөмген ауылында тұрғын үйлерге дейін жеткен термиттермен күрес басталды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әсіресе соңғы бес жылда жәндіктердің саны айтарлықтай көбейген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, термиттер ағаш құрылымдарды ішінен жеп, бүлдіреді. Олардың іздері есіктерден, едендер мен төбе жабындарынан байқалған.
«Олар ағашты ішінен жейді. Бұрын мұншалықты көп емес еді, қазір жылдан-жылға көбейіп барады. Бұл мәселені әр жиында көтеріп жүрміз. Біздің ойымызша, термиттер Маңғыстау облысындағы Боранқұл жақтан келген», – дейді тұрғындар.
Зиянкестерді жоюға Жылыой ауданының әкімдігі 3,8 млн теңге бөлді. Мамандар термиттер бар екені расталған 24 тұрғын үй мен бір әлеуметтік нысанды өңдеуі тиіс. Жұмысты орындауға алты ай уақыт берілген.
Сонымен қатар жәндіктердің ауыл аумағына қаншалықты кең таралғанын анықтау үшін басқа үйлер мен олардың маңындағы аумақтар да тексеріледі.
Термиттер ағашпен және өсімдік тектес басқа да материалдармен қоректенеді. Олардың ғимараттарға төндіретін басты қаупі – ағашты ішінен бүлдіруі. Сондықтан құрылымдардың зақымдануы ұзақ уақыт бойы байқалмай қалуы мүмкін.