«Некеңіздің мерзімі аяқталып қалды, ұзартасыз ба?»: Әділет министрлігі ресми мәлімдеме жасады

Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл алаяқтардың кезекті әрекеті болуы мүмкін

«Некеңіздің мерзімі аяқталып қалды, ұзартасыз ба?»: Әділет министрлігі ресми мәлімдеме жасады
Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желіде некенің мерзімін ұзарту туралы ақпарат тарады. Алайда Әділет министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, ресми ақпарат жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрліктің мәліметінше, бұл алаяқтардың кезекті әрекеті болуы мүмкін.

«ҚР Әділет министрлігі неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның шекті мерзімі белгіленбейді. Осыған байланысты Әділет министрлігі некені ұзарту талап етілмейтіндігін ескертеді. Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша некені бұзу арқылы, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылуы мүмкін. Некені бұзу тек тіркеуші орган арқылы немесе сот шешімінің тәртібімен жүзеге асырылады», – делінген ведомство хабарламасында.

Ал некені бұзу тіркеуші орган арқылы мемлекеттік тіркелген күнінен бастап, ал сот тәртібімен бұзылған жағдайда – сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.

«Осыған байланысты азаматтардың назарын осындай хабарламалардың шындыққа сәйкес келмейтініне аударып, оларды көрсетілген сілтемелерге өтпеуге және дербес деректерді бөгде адамдарға ұсынбауға шақырамыз. Дұрыс әрі нақты ақпарат алу үшін ресми дереккөздерге жүгінуді сұраймыз», – деп жазады Әділет министрлігі.