Алматы тұрғыны әскерге шақыру тәртібі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланды

Автор: Асыл Арман

Азаматтарды денсаулығына қарамастан әскерге шақырады деген ақпарат жалған болып шықты

Фото: istockphoto.com

Алматы қаласының тұрғыны әскери қызметке шақыру тәртібіне қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 шілдеде ер адам Facebook әлеуметтік желісінде азаматтардың денсаулығында белгілі бір аурулары болса да, әскерге шақырылуы мүмкін екені айтылған бейнежазба жариялаған.

Жарияланымнан кейін бұл факті бойынша құзыретті органдармен бірлесіп тексеру жүргізілді. Нәтижесінде таратылған ақпараттың қолданыстағы тәртіпке сәйкес келмейтіні анықталған.

«Азаматтың әскери қызметке жарамдылығы туралы шешім оның денсаулық жағдайы мен белгіленген талаптарды ескере отырып, медициналық куәландыру нәтижелері бойынша қабылданады. Денсаулық жағдайын ескерместен азаматтарды әскерге шақыруға болады деген мәлімдемелер қолданыстағы тәртіпке сәйкес келмейді», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

15 тамызда жарияланым авторы Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.