«Бұл өте ауыр шешім болды»: Лионель Месси Аргентина құрамасындағы карьерасын аяқтады

Автор: Асыл Арман

Месси Аргентина құрамасындағы 20 жылдық жолын аяқтайтынын мәлімдеді

Фото: championat.com

Футболдан Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Футбол әлемінің аңызы бұл шешімнің өзіне оңай тимегенін айтып, Аргентина құрамасындағы 20 жылдық жолына тоқталып өтті.

«Әлем чемпионатының финалынан кейін болған жағдайларды ескеріп, ұзақ уақыт ойлана келе, баршаңызға ұлттық құрамадағы карьерамды аяқтайтынымды жариялағым келеді. Бұл өте ауыр шешім болды және әлі де жүрегімді ауыртады. Дегенмен дәл қазір осындай шешім қабылдауым керек екенін түсінемін. Ант етейін, мен әрбір ойынға барымды салдым. Тек бәрін жеңіп жүрген соңғы жылдары ғана емес, одан бұрын да. Үстімдегі жейдем үшін үнемі күрестім, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Футбол арқылы сіздерге қуаныш сыйлап, аргентиналық екендеріңізді мақтан тұтуға себеп болғым келді», – дейді Месси.

Ол сөзін жалғай отырып, ұлттық құрамадаағы карьерасын аяқтау туралы шешім өзіне оңай болмағанын атап өтті.

«Уақыт аз қалды, кейбір тараулар жабылып жатыр. Ал бұл тараудың жабылуы мен үшін қиынға соқты. Мен ұлттық құрамада ойнағанды жақсы көрдім, жақсы көремін және әрдайым жақсы көретін боламын. Барымды бердім. Енді бұдан артық бере алатын ештеңем қалмады. Оның үстіне, соңымыздан өте талантты жас футболшылар өсіп келеді. Олар ұлттық құрамада ойнауға әбден лайық. Осы 20 жыл бойы көрсеткен қолдауларыңыз бен махаббаттарыңыз үшін рақмет», – деп жазды Месси әлеуметтік желідегі парақшасында.

Аңыз футболшы енді ұлттық құраманың сапында емес, сырттан қолдау көрсететін жанкүйерлерінің біріне айналатынын айтты.

«Енді мен де сіздердің біріңіз боламын. Сырттан болса да, Аргентина үшін әрдайым жанкүйер болып, қолдау көрсетемін. Әсіресе қиын сәттерде қолдауымды тоқтатпаймын. Осы керемет, бірақ қиын жолда әрдайым жанымнан табылған отбасымa алғыс айтамын. Бірге жұмыс істеу бақыты бұйырған жаттықтырушыларыма, командаластарыма және менеджерлеріме рақмет. Өзіммен бірге ешқашан ұмытылмайтын естеліктер мен сәттерді ала кетемін. Сіздерге және командаластарыма ертегіге ұқсас сәттер сыйлай алғанымды мақтан тұтып, жүрегім тыныш күйде кетіп барамын. Мұның бәрін сіздермен бірге бастан өткеру – керемет сезім болды. Мен сіздерді жақсы көремін! Мені аргентиналық еткені үшін Құдайға рақмет. Алға, Аргентина!» – деді Месси.

Футболшы сөз арасында бұл мәлімдемені 21 шілде күні, яғни әлем чемпионатының финалынан екі күн өткен соң жазғанын атап өтті.

«Бұл сөздерді 21 шілдеде, финалдан екі күн өткен соң жаздым. Әкемнің жағдайынан кейін бұл шешімнің дұрыстығына бұрынғыдан да анық көз жеткіздім», – деп жазды ол.

Айта кетейік, Лионель Месси Аргентина құрамасындағы 20 жылға жуық ғұмырында ел тарихындағы ең ірі жетістіктердің авторына айналды. Ол 2022 жылы Қатар елінде өткен әлем чемпионатында кубокты көтерді. Сонымен қатар 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын, 2022 жылы Финалиссима турнирін жеңіп алды. Ал 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанды. Бұдан бөлек, 2014 және 2026 жылдары өткен әлем чемпионаттарының финалына шықты.

Осылайша, Аргентина футболының алтын дәуірінің басты кейіпкерлерінің бірі ұлттық құрамадағы ұзақ әрі жарқын жолына нүкте қойды.