Соңғы екі жылда Шымкентте 13 жаңа мектеп салынды
Шымкентте жаңа оқу жылында мектеп партасына 405 мыңға жуық оқушы отырды. Оның шамамен 29 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдік мәліметінше, білім күніне арналған негізгі салтанатты жиын Теріскей шағынауданындағы жаңартылған №46 мектеп-лицейде өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
«Биыл 1 қыркүйек «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды. Мерекелік жиын Мемлекеттік Туды көтеріп, Әнұранды орындаудан басталды. Қала әкімі білім сапасын арттыру, цифрландыру мен жасанды интеллектті меңгеру, сондай-ақ жастарға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмысы да жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда Шымкентте 13 жаңа мектеп салынды. Биыл 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 мектепке қосымша ғимараттар салынды», – делінген Шымкент қаласы әкімдігінің хабарламасында.
Жергілікті атқарушы органның дерегіне сүйенсек, №46 мектеп-лицейде биыл 478 млн теңгеге ауқымды күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Жөндеу барысында білім ордасының ғимараты жаңартылып, оның қасбеті мен шатыры ретке келтірілді. Сонымен қатар спорт залы мен жертөле бөлігіне де қажетті жұмыстар жүргізіліп, мектептің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға басымдық берілді. Қазіргі таңда екі ауысымда жұмыс істейтін білім ордасында шамамен 2 700 оқушы білім алады. Олардың қатарын биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған 218 бірінші сынып оқушысы толықтырды. Жаңартылған мектепте оқушыларға қолайлы жағдай жасау және сапалы білім алуына қажетті ортаны қалыптастыруға мүмкіндік артып отыр.
Білім күніне арналған іс-шаралар биыл тәрбие жұмысы мен ұлттық құндылықтарға басымдық бере отырып, артық шығынға жол бермей ұйымдастырылды. Мерекелік жиындарда оқушыларға білім мен тәрбиенің маңызы түсіндіріліп, ел болашағы үшін жауапкершілік, отансүйгіштік және азаматтық ұстаным секілді құндылықтарға назар аударылды. Салтанатты іс-шаралар аяқталғаннан кейін оқушылар үшін Конституцияның негізгі құндылықтары мен жалпыұлттық жобалардың маңызын түсіндіруге бағытталған бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Онда балалардың ел тарихы мен қоғамдық өмірге деген қызығушылығын арттыру, мемлекеттік құндылықтарды құрметтеу және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелері қамтылды.