Ол жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен – пайыз төлемей және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған
Қонаев қаласында 8 мыңнан астам салымшыдан 21 млрд теңгеден астам қаражат тартқан «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшылары сотталды. Сот Шүкен К.К.-ны 8 жылға, Үрәтбек М.С.-ны 1 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында пирамиданың 8 мыңнан астам салымшыны тартқанын, ал салынған қаражаттың жалпы көлемі 21 млрд теңгеден асқанын анықтады.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен – пайыз төлемей және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында бақылауындағы заңды тұлғаларды – «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС, «Gold SapaPremium» ЖШС пайдалана отырып, көпдеңгейлі схема іске асырылған.
«Аталған компаниялар жарнама қызметі, жылжымайтын мүлік және көлік нарығындағы талдау мен болжау сияқты қызметтердің жалған жеткізушілері ретінде әрекет еткен. Жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тартылған қаражат есебінен сотталғандар 2 пәтер және Lexus маркалы 3 автокөлік сатып алып, ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген ҚМА хабарламасында.