Салтанатты шараға аудан және теміржол саласының өкілдері қатысты
Бүгін өңірде бірден екі жаңартылған теміржол нысаны пайдалануға берілді. Есіл қаласында жаңа вокзал жұмысын бастаса, Бұланды ауданының Никольское ауылында Ельтай станциясының вокзалы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Екі нысан да өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жаңартылды. Жалпы жоспарланған 16 нысанның 14-інде жұмыс аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Есіл ауданы үшін жаңа вокзалдың ашылуы маңызды оқиға болды. 1960 жылы салынған ескі ғимарат заманауи жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына сай келмеген. Осыған байланысты ғимарат сүріліп, сол орынға жаңа вокзал салынды. Жаңа ғимараттың аумағы 485 шаршы метрді құрайды. Мұнда жолаушыларға арналған аймақтар мен инженерлік коммуникациялар жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қажетті жағдайлар қарастырылған. Жұмыс барысында нысанға 18 адам тартылды.
Ашылу салтанатына қала тұрғындары, теміржол саласының өкілдері мен ардагерлері қатысты. Есіл ауданының әкімі Ғазиз Айтмұханбетов жаңа вокзалдың қала мен оның тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін ауданымыз үшін ерекше әрі тарихи мәні бар күн. Біз заманауи талаптарға сай келетін, жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасайтын жаңа теміржол вокзалын ашып отырмыз. Теміржол қатынасы Есіл қаласын еліміздің басқа елді мекендерімен және өңірлерімен байланыстырады. Сондықтан вокзалдың жаңартылуы қала үшін аса маңызды», – деп атап өтті Ғазиз Айтмұханбетов.
Сол күні Бұланды ауданының Никольское ауылындағы Ельтай станциясының вокзалы да реконструкциядан кейін қайта жұмысын бастады. Мұнда жолаушыларға арналған бөлмелер жаңартылып, жолаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Салтанатты шараға аудан және теміржол саласының өкілдері қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында «Құрметті теміржолшы», Есіл станциясының зейнеткері Аманбай Ештаев болды. Ол Бұланды ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Сыздықпаевпен бірге жаңартылған вокзалдың ашылуына орай лентаны қиды.
Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смаилов вокзалдың ауыл мен аудан тұрғындары үшін маңызды нысан болып қала беретінін айтты:
«Біздің аудан тұрғындары үшін вокзал – пойызға отыратын орын ғана емес. Бұл жерден қонақтарымыз өтеді, аудан тұрғындары сапарға аттанып, үйлеріне оралады. Сондықтан мұнда тазалық, қолайлылық пен жайлылықтың болуы маңызды. Бүгін біз атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Жаңартылған вокзалды тұрғындар игілігіне ұсынғанымызға қуаныштымыз», – деді Ардақ Смаилов.
Айта кетейік, Ақмола облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде және барлығы 16 нысанды қамтиды. Тоғыз вокзал толықтай жаңадан салынды. Олардың қатарында Есіл қаласындағы вокзал да бар. Қалған нысандарда күрделі реконструкция жүргізілді. Биыл шілде айында Ерейментау, Еркеншілік, Үленті, Державинск және Жалтыр станцияларының жаңартылған вокзалдары ашылды.
Қалған екі нысан – Атбасар және Көкшетау станцияларының вокзалдарын қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін өңірдегі барлық 16 теміржол нысанында жолаушылар жаңартылған ғимараттар мен неғұрлым қолайлы инфрақұрылымды пайдалана алады.