Іздеу жұмыстарына кинологиялық есептоптар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» авиациясы тартылды
Алматыдағы Аюсай шатқалында ата-анасымен серуендеп жүрген 2015 жылы туған бала жоғалып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы ТЖД мәліметінше, оқиға орнында жедел штаб құрылды. Іздеу жұмысына шамамен 160 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында ТЖД қызметкерлері, Мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары, ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, полиция қызметкерлері, Медеу орманшылығының орманшылары, ДСС еріктілері, әскери қызметшілер, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері және басқа да қызметтер болды.
Іздеу жұмысына кинологиялық есептоптар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» авиациясы тартылды.
«Іздеу жұмысы жердегі топтармен қатар әуеден де жүргізілді. Жаяу жүріп, дрондар мен кинологиялық есептоптың көмегімен Аюсай шатқалының 6 шақырымнан астам аумағы және Үлкен Алматы өзенінің арнасы тексерілді. Тікұшақ іздеу аумағын әуеден шолып шықты. Құтқарушылар мен еріктілерден құралған бірлескен топтың күшімен бала табылды», – делінген ТЖД хабарламасында.