Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы жарияланды
«Қазгидромет» РМК күз мезгілінің алғашқы күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, күздің алғашқы күндерінде Қазақстан аумағының басым бөлігі ауқымды солтүстік антициклонның ықпалында болады. Оның әсерінен күн райы негізінен құрғақ әрі бұлтсыз болады. Түнгі уақытта республиканың солтүстік жартысында кей жерлерде үсік жүруі мүмкін. Ал күндіз ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды.
«1-2 қыркүйекте республиканың солтүстігі, шығысы және орталығында солтүстік циклонның жырасы мен онымен байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен түнгі уақытта жаңбыр және қар аралас жаңбыр жауады. Күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Осы кезеңде Алматы облысының таулы аудандарында найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін, нөсер жаңбыр күтіледі. Елдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жел күшейеді. Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде түнгі және таңғы уақытта кей жерлерде тұман түседі», – делінген ауа райы болжамында.
Елдің батысында түнде ауа температурасы +10+18°C, күндіз +25+30°C-тан +28+33°C-қа дейін сәл көтеріледі.
Маңғыстау облысында түнгі негізгі температуралық фон +13+21°C, күндіз ауа температурасы +27+32°C-тан +30+35°C-қа дейін сәл жоғарылайды.
Солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы 0,+5°C аралығында, кей жерлерде 3 градусқа дейін үсік жүреді. Кейін +2+7°C-қа дейін көтеріледі. Өңірдің батысында ауа температурасы +10°C шамасында болады, топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +10+28°C-тан +20+33°C-қа дейін жоғарылайды.
Елдің шығысы мен орталығында түнде ауа температурасы 0,+5°C, өңірдің оңтүстігінде +10°C болады. Кей жерлерде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +12+25°C-тан +15+30°C-қа дейін көтеріледі.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде де түнгі ауа температурасы +13+18°C-тан +10+15°C-қа дейін төмендейді. Таулы аудандарда температура +5+10°C-тан +3+8°C-қа дейін түседі. Күндіз ауа температурасы +20+25°C-тан +18+23°C-қа дейін аздап төмендейді. Таулы аудандарда күндіз +10+15°C-тан +7+12°C-қа дейін болады.